Екібастұз қаласының Орталық балалар кітапханасының ұжымы облыстық көп салалы дарынды балаларға арналған көптілді лицей интернатының 8-сынып оқушыларының қатысуымен «Шын дос – асыл қазына» атты пікірталас өткізді. Пікірталасты Абай атамыз бен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Дос» туралы өлең жолдарымен бастағанды жөн көрдік. Бұл өлең шумақтарынан не ұқтыңыздар деген сұраққа оқушылар жан-жақты ойлап, өз ойларын толықтай жеткізе білді. Оқушылар достық туралы ой-пікірлерімен бөлісті. Балалар нағыз достық кісіге шабыт беріп, өмірде кездесетін түрлі сәтсіздіктерге мойымауға, басқа түскен қайғы мен қиыншылықты бірге көтеруге жәрдемдесетін адамды нағыз дос деп санайтындарын айтты. Іс-шара оқушыларға экраннан «Адал дос» туралы бейнебаянды көрсетумен жалғасын тапты. Оқушылармен әр түрлі қызықты сергіту ойындары өткізілді. Балаларды екі топқа бөліп, оларға кәмпиттер таратылды, оның ішінде қағазға мақал –мәтелдер жазылған, сол мақал-мәтелдерді толық құрастырып, дауыстап оқып беру қажет. Бұл сайыста балалар жылдамдық пен шапшандық танытты. Сөйтіп, осынау жарыста достық жеңеді. Оқушылар бір–біріне шар беру арқылы қасындағы отырған балаға маркермен өздерінің ізгі тлектерін білдірді. Осылайша, «Шын дос – асыл қазына» атты пікірталас өз мәресіне жетті.