«Денсаулық және мен»


Орталық қалалық кітапхана қабырғасында 7 сәуір – Бүкіләлемдік денсаулық күніне орай «Денсаулық және мен» атты ойын бағдарламасы болып өтті. Балалардың дене тәрбиесіне деген қызығушылықтарын арттырып, салауатты өмір салтына тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға №18 ЖОББМ-тің 5 «А», 5 «Ә», 5 «Б» сынып оқушылары, ұстаздар қатысты.
Ең алдымен жүргізуші балаларды денсаулық күнімен құттықтап, ізгі тілегін білдіріп, үнемі спортпен шұғылдануға шақырды. Іс-шара барысында жүргізуші балаларға денсаулық жайлы қысқаша мәлімет беріп, денсаулық тақырыбында бірқатар сұрақтар қойып, оған тұшымды жауаптар алды. Қатысушылар 3 топқа бөлініп, ойын сайысына қатысып, өз күштерін сынады. Ойын басталмас бұрын ойындарға тұрақты төрелігін айтып, сынмен сынар әділ-қазылар алқасы болып қызмет көрсету бөлімінің қызметкерлері А.О.Жұмағалиева мен А.Қ.Сүлейменова сайланды. Әр топтың өз аты мен ұраны болды. Атап айтсақ, 1 топ – «Шымыр», 2 топ – «Денсаулық», 3 топ «Сымбат» деп аталды. Іс-шара түрлі қызықты ойындарға толы болды. Оқушылармен «Пингвиндер доппен», «Бақаларша секіру», «Доптарды себетке дәлдеп түсіру», «Допты қасыққа салып себетті айналу», «Кітапты басқа қойып түзу жүру» сынды қимыл-қозғалыс ойындарын өткізді. Оқушылар белсенділік танытып, ойындардан оң әсер алып, бойларына күш-қуат жинап, бір серпілгеннен кейін мақал-мәтелдердің ізін жалғастыру ойыны жалғасын тапты. Ойын өте тартымды да, қызықты өтті. Ойынға қатысқандар елеусіз қалған жоқ, барлық оқушыларға тәттілер таратылды.
Көрнекілік құрал ретінде соңында денсаулық туралы бейнебаян көрсетілді, тақырыпқа сай кітап көрме жасақталды. Кітап көрмеге денсаулық саласынан көптеген сұрақтарға жауап алатын энциклопедиялар, көздің жауын алатын түрлі-түсті суреттермен безендірілген кітаптар, сондай-ақ спорт және адам денсаулығына жағымсыз іс-әрекеттердің келтірер зияны жайында баяндайтын кітаптар қойылды.
Іс-шара соңында кітап көрмеге шолу жасалды. Бұл өткен іс-шара балалардың көңіл күйіне үлкен әсер етіп, эстетикалық тәрбиесіне де зор ықпал етті.

Updated: Сәуір 8, 2022 — 10:35 тд

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған