«Жаңа ғасырдың жаңа кітаптары»


1 сәуір күні орталық балалар кітапханасында Халықаралық балалар кітабы күніне орай «Жаңа ғасырдың жаңа кітаптары» атты библиофреш болып өтті. Ұйымдастырылған іс-шараның алдына қойған мақсаты – білімнің кітап арқылы берілетінін ұғындыру, кітаптың қаншалықты құнды, бағалы дүние екендігін түсіндіру, кітап оқуға саналы түрде баулу.
Кітапханашы Г.Сағындықова оқу залында ұйымдастырылған «Бала мен кітап» кеңейтілген кітап көрмесімен таныстырып, жаңа кітаптарға шолу жасады. Кітап көрме төрт бөлімнен тұрды. Бірінші бөлім ертегілерге арналды. «Таңғажайып кітаптар» деп аталатын екінші бөлімде ерекше форматта жасалған түрлі кітаптар ұсынылды. Көрменің «Балаларға арналған қазақ көркем әдебиеті» атты үшінші бөлімінде отандық авторлар, атап айтсақ Динара Шәйжүнісованың «Супер қыз», А.Рақыштың «Балалалықтың соңғы күзі», Н.Айтұлының «Саяхатшы шыбын» , Ш. Күмісвбайұлының «Сәби болғым келеді», Б. Бейсембектің «Зерек бала» кітаптары орын алды. «Қазақ тіліне аударылған шетел әдебиеті» деп аталатын соңғы бөлімде балаларды Хейди Ховарттың «Кәрі аюлар ағашқа өрмелей алмайды», Дженнифер Мур-Маллиностың «Мен мектепке барамын», Д.Дефоның «Робинзон Крузо» атты шығармаларының шытырман сюжеттері қызықтырды. Мерекеге арнайы сонау африка елінен ат терлетіп келген африкандықтар, сондай-ақ қу түлкі балаларды мерекемен құттықтап, өздерінің ыстық лебіздерін білдіріп, балалармен «Маймылды тамақтандыр», «Допты апар» сынды түрлі қызықты ойындар өткізіп, балалардың көңілдерін көтерді. Одан әрі іс-шара жалынды «Чунга-чанга» биімен өз мәресіне жетті.
Шара соңында балалар кейіпкерлермен естелік фотоға түсті. Сонымен қатар жас оқырмандар өздеріне ұнаған кітаптарын жаздырып алып, риза болып кетті.

Updated: Сәуір 4, 2022 — 2:35 тк

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған