Орталық балалар кітапханасының қызметкерлері №25 қазақ қыздар гимназиясы оқушыларының қатысуымен Бұқар жырау Қалқаманұлының 355 жылдығына орай «Қазақтың көмекей әулиесі» атты әдеби композиция өткізді.
Шара барысында Бұқар жырау Қалқаманұлының өмірі мен шығармашылығына тоқталып, нақыл сөздері жайлы сөз қозғалды. Сондай-ақ белгілі ғалым, фольклоршы, жыраудың тұңғыш биографы М.Ж. Көпеев атамыз жайлы біраз деректер айтылып, бейнебаян көрсетілді. Оқушылар «Жал құйрығы қаба деп», «Ай не болар күннен соң», «Алыстан қызыл көрінсе», «Ай, заман-ай, заман-ай», «Айналасын жер тұтқан» атты өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Бұқар жыраудың зерттелмей қалған мұралары тілге тиек етіліп, бұл жайында оқушылар ой-пікілерін ортаға салып, бұл болашақ жастардың қолында екендігін атап өтті. Шара соңында жыраудың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін кітап көрмеге библиографиялық шолу жасалды.