«Білім бұлағынан нәр алайық»

Балалар оқу орталығының қызметкерлері №25 қазақ қыздар гимназиясының жанындағы «Кәусар бұлақ» жазғы лагерь балаларының қатысуымен «Білім бұлағынан нәр алайық» атты танымдық ойын-сағат өткізді. Бұл шара балалардың кітапханаға деген қызығушылығын арттыру, оқуға ынталандыру және бос уақыттарын мазмұнды өткізуге ықпал ету мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шараның басында кітапханашы балалармен кітапхана ішін аралап, кітапхананың құрылымымен таныстырып, кітапханаға жазылу тәртібі мен кітапты пайдалану ережелері туралы ақпарат беріліп, балалардың сұрақтарына жауап берді. Кішкентай оқырмандар үшін қызықты да танымды болды. Одан әрі балалар түрлі зияткерлік ойындарға белсене қатысты. «Қай ертегіден?» ойынында балалар танымал ертегілерден үзінділерді танып, авторларын атады. «Сәйкестендір» ойыны барысында кейіпкерлер мен олардың оқиғаларын сәйкестендіру тапсырмалары берілді. Сондай-ақ, сөзжұмбақтар шешіп, мақал-мәтелдердің жалғасын табу секілді тапсырмалар балалардың логикалық ойлауын, есте сақтау қабілетін дамытты.
Шара барысында қатысушылар әйгілі «Винни Пух» кітабының желісі бойынша түсірілген мультфильмді тамашалап, оның мазмұны мен кейіпкерлері туралы ой бөлісті.
Іс-шара соңында балалар бөлімшесі бойынша шағын экскурсия ұйымдастырылып, балаларға жас оқырмандарға арналған жаңа әдебиеттер, ертегілер мен танымдық кітаптар таныстырылды. Олар өздеріне ұнаған кітаптарды қарап, болашақта кітапханаға жиі келуге ниет білдірді.

Updated: Маусым 10, 2025 — 10:28 тд

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған