Орталық балалар кітапханасында Дүниежүзілік балалар күніне орай «Құқықбұзушылық дегеніміз не?» тақырыбында құқық сағаты болып өтті. Іс-шараға Екібастұз қаласының полиция басқармасының учаскелік инспекторы Асыл Сағадатұлы Кәрібаев және психолог Әлия Төлеуқызы Фофанова шақырылды. Бұл шараға 4»В» сынып оқушылары қатысты.
Жасөспірімдер арасында үлкен танымалдыққа ие болған электронды темекінің тигізетін зиянын, сондай-ақ тиісті емес жерлерде петарда атуды тілге тиек етті. Сонымен қатар полиция капитаны қазіргі уақытта белең алып бара жатқан буллинг жайында сөз өрбітті. Сені ренжітуге немесе өзің жайлы жаман ойлауға мәжбүрлеуге ешкімнің құқығы жоқ екендігін айта отырып, буллингке қарсы тұру жөнінде біраз нұсқаулар беріп сөз қозғады. Құқықбұзушылық себептері төңірегінде сан алуан пікірлер айтылып, оларды жоюдың жолдары жайында сөз өрбітті. Жасөспірімдерге кәмелетке толмағандар үшін жасалған құқық бұзушылықтар мен қылмыстар үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қай жастан бастап басталатыны және қандай жазалар қолданылатыны түсіндірілді. Асыл Сағадатұлы әңгімесін құрғақ сөз болып алмауы үшін өзінің қызмет бабы барысында болған нақты мысалдар мен фактілерді негізгі ала отырып, дәлел келтіре айшықтай түсті. Әңгіме барысында балалар инспекторды үлкен ықыласпен тыңдап, оларды қызықтырған барлық сұрақтарға жауап алды.
Психологпен жұмыс барысында балалар ата-аналарымен қарым-қатынаста неге қиындық туатынын және оларды қалай еңсеруге болатынын түсінуге үйренді. Балалар «Бір-біріне жылы лебіздерін білдіру» психологиялық тапсырмасын белсене орындады. Кездесу негізінен талқылау түрінде өтті. Уақыт тез-ақ өтіп кетті, оның себебі кездесу өте қызықты, мағлұматқа бай, әсерлі болды.